Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  131


Автор: Исраил Сапарбай

Жүрегiңнiң атқақтауын байқасаң

Жүрегiңнiң атқақтауын байқасаң,
«Жүрiсiңнен айналдым» деп айта сал.
Сергелдеңнен шығар ма едiң, кiм бiлсiн,
Сезiмiңнiң жұмыртқасын шайқасаң...
Сол сезiмнiң құлымыз ғой Сен де Мен
Тəңiр жазған тағдырыңа көнбеген.
Перiштенiң дəргейiне зар болып,
Зорлық пенен қорлық көрген пендеден.
Келемежi келтiретiн күлкiңдi
Ұлы жұртта ұғып жатыр кiм-кiмдi?
Қорым жақтан қоңыр баққа қол созған
Қойсайшы бұл Көңiл деген шiркiндi!
Көкаттыға көрсете алмай мықтылық,
Көгiлдiрiм ылайланды тұп-тұнық.
Нəркес көзден нəр татпаған қу нəпсiм
Түнiменен Айға қарай шықты ұлып...
Түнiменен шеше алмай бiр жұмбақты
Түндiгiмнен Үркер үнсiз ым қақты.
Қара басып...
Жағаласып Елеспен,
Жарығым-ау, менi қандай жын қақты?
Өздi-өзiңмен оңай ма екен алысқан? –
Азу тiсiн ақситады Арыстан.
Күнiм менiң, көкжиекте күмiлжiп,
Үнiң сенiң естiледi алыстан,
Сүйiктiм...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу