Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  113


Автор: Исраил Сапарбай

Iздеп жүрген iнкəрiм-ау жер-көктен

Iздеп жүрген iнкəрiм-ау жер-көктен,
Қандай ана сенi туып, тербеткен?
Түнделетiп түрiң мынау ендiгi
Жүрегiмнiң түпкiрiне төрлеткен.
Жүрегiмде төркiндеген Мейманым,
Қандай жан ең қымбат, жұмбақ, беймəлiм?
Менiменен бiр кешкелi келдiң бе
Бейопалау бұл өмiрдiң мейрамын?
Төрле, төрле!
Жан мекенiн, ал, жайла!
Тамыр бойлап тарап кетшi тал бойға!
Алмағайып тағдырымның, апырмай,
Сен бе екенсiң жазылғаны маңдайға?..
Көздерiңнен айналсам-ау мойылдай,
Түгесiлмес түпсiз менiң ойымдай...
Таусылмайтын болармысың, қызығым
Табиғаттың таңғажайып тойындай!
Əлде, əлде... емексiткен елес пе ең
Ғайыптағы Перiштемен тел өскен?
Қайдан ұшып келiп едiң қапыда
Қарлығашым, қанатынан жел ескен?
Тал көркiңдi тамашалап таңғы арай,
Тəттi ұйқыдан баз кешкендей бар маңай.
Жалын жалап, отқа өртенген Пəруана
Беу, жалған-ай!
Бебеу қаққан арман-ай!..
Хан қызындай қасы-көзi сүрмелiм,
Сенi көрмей тыншымайды-ау бұл көңiл!
Балқан таудан балқып шыққан Айдайын
Айналайын, аман болсаң, бiр көрiн!..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу