Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  159


Автор: Исраил Сапарбай

Қарлығашым, қанатынан жел ескен

Кəмилаға

Телефонның ар жағынан үн қатшы,
Тереңiне телегейдiң шым батшы.
Түнегiңнiң күрсiнгенiн күшейтiп,
Жүрегiңнiң дүрсiл-демiн тыңдатшы.
Алдарқатшы əуезiңмен, үнiңмен!
Таңдайыма бал тамызшы тiлiңмен.
Жалғыз тамшы жарып өтсiн кеудемдi
Жаратқанның кiрпiгiне iлiнген.
Телефонның ар жағынан бер келшi,
Еркiңмен кеп,
Дертiмдi емдеп, дем бершi.
Жас шағымның жалауындай желбiреп,
Ақ сағымның аясында тербелшi.
Телефонның ар жағынан үн қатшы,
Көрдей қуыс көкiрегiме Күн жақшы.
Жанарыма үйiрiлген жасымды
Жалғыз ауыз лебiзiңмен құрғатшы.
...Телефонның ар жағынан тiл қатшы!..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу