Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  135


Автор: Исраил Сапарбай

Айналғам мен елеске сенiң үшiн

Айналғам мен елеске сенiң үшiн,
Демейсiң: «Тiрiмiсiң, өлiмiсiң?»
Титтей де селт еткiзбес сезiмiңдi
Жеңiсiм, тiрлiктегi жеңiлiсiм.
Көрiктiм,
Көз тоярлық көргендiм-ай,
Төменге түссең еттi төрден былай?
Мұзтаулар қозғалса да мызғымайтын
Мiнездi бiр өзiңе берген құдай.
Адымы аяқ басса, терiс келiп,
Пендеге қонбайды екен перiштелiк.
Жүрегiң маған деген суи-суи
Бүгiнде қалған шығар берiш болып?!
Өзiңмен екен ғой деп бақ келiстi,
Еске алдым талма құшақ, тəттi өбiстi...
Байқалмай, түс пе, құс па, сол ғажап кез
Басымнан, əттең, ұшты, əттең, ұшты...
Бойыма демi дарып, емi сiңген
Ерте өнiп, кештеу пiскен жемiсiм ең..,
Елеңдеп, елегiзiп, елесiңдi
Iздеймiн көшедегi көп iшiнен.
Ашылып қарсы алдыңнан ғажап есiк,
Көңiлiңнен кеттiм бе екен таза көшiп?
Тiрiдей менi өлтiрiп алғаннан соң
Үйде, əлде жатырмысың, аза кешiп?..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу