Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  122


Автор: Исраил Сапарбай

Қияли өлең

Көрсетсе көрiктi қыз iңкəр қылық,
Көңiлiн ауламай ма сұңқар жiгiт.
Кенелсе кемдi күнге кербез күлiп,
Жөнелсе ендi бiрде шырқауға iлiп!
Жанары бiр жарқ етiп жарық таңша
Шырқау құз, шың басына барып қонса.
Мұздай құс – мұзбалақ құс мысын басып,
Қыз байғұс естен шала танып қалса.
Көкшеңгел алабөтен қайраттанса:
Жандəрмен жатқан жанға жəйлап қонса.
Кiсесi арғымақтың ағытылып,
Мүшесi мүшкiл қыздың жайрап калса.
Ай туып, жаһан жүзi жақұттанса,
Аспаннан анда-санда ақық тамса.
Жаны иiп, жас иiстiң жанары ұйып,
Ақиық бал қызыққа батып қалса.
Ай күлiп, жұлдыз бiткен жымың қақса,
Қысылып қыз кiрпiгiн қыбырлатса.
Анарын лашын бүрiп жатқан шақта
Жанарын ашып-жұмып бiр үн қатса:
– Пiрадар, Пiрғауыным, Пiрiм!.. – десе,
Төсiнде шырын кесе дiрiлдесе.
Шашырап шың басына алтын арай,
Шым-шымдап Шығыстан таң сiбiрлесе...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу