Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  202


Автор: Исраил Сапарбай

Құлпырып кетіпсің ғой, жаным, бүгін

Құлпырып кетiпсiң ғой, жаным, бүгiн,
Құйды екен жанарыңа жалынды кiм?..
Көркiңнен көз алатын халде емеспiн
Көргендей ханзаданың қалыңдығын.
Өзiң де ерте бүршiк жарған гүл ең,
Армандай арбайтұғын алдан кiлең.
Тəнiңдi Тəңiр ием таң алдында
Шуаққа шомылдырып алған бiлем.
Қараудан жаутаң-жаутаң жалықпаймын,
Қиялдың қанатында қалықтаймын.
Шəмшiнiң əуенiмен шыр айналып,
Жəмшидтiң кесесiнен бал ұрттаймын.
Ашылса маған қарап сəл қабағың,
Құлқыңа құрақ ұшып жалданамын.
Пейiштiң перiштесi бола тұрып
Жер басып жүргенiңе таң қаламын.
Мас болам жамалыңа, жанап өтсең,
Қайтедi тəуекелге талап етсем:
Пайғамбар күйеуiнiң Дүлдүлiмен
Жан бiлмес алыс жаққа ала кетсем...
Қия алмай қияметке қас қағымды,
Жия алмай ес-түсiмдi, мас халiмдi,
Қолыма Ай қондырып алғандайын
Аялап отырсам-ау жас тəнiңдi!..
Жан пида көбелектей жарық шамға
Өртенiп кетерiмдi жəне ұқсам ба.
Жұлдыздай жерге құлап түсер ме едiм
Бiр тамшы көз жасындай ағып сонда!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу