Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  124


Автор: Исраил Сапарбай

Қасыңа Ай ұрланып келсем дердей

Қасыңа Ай ұрланып келсем дердей,
Қайың да қайыл қалып, теңселгендей.
Тағдырың таразыға тартылғанда –
Салмағың сары алтынмен өлшенгендей.
Жан бiлмес жүрегiңде жұмбақ бардай,
Құлпыңның құпиясы мың катпардай.
Бiр арман көрiнбестен қолын бұлғап,
Астынан алты қырдың үн қатқандай.
Жайлаудың жаңбыр жуған жалбызындай,
Жақсының жан екенсiң жалғызындай.
Қиырдан көзiме ерек көрiнесiң
Қиылған қасы-көзi хан қызындай.
Жамалың жаймашуақ жарық таңдай,
Жаһанды жақсылыққа жарытқандай.
Биязы үн, бипаз мiнез – жан жиһазы
Төркiнiн тектiлiктiң танытқандай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу