Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  208


Автор: Мерген Тоқсанбай

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ

Соңғы қоңырау.
Көңілім алабұртты, алаңдады,
Әрі таныс, әрі жат маған бәрі.
Алма ағаштың ақ гүлін шашқа тағып,
Қарындасым мектебін тәмамдады.

Соңғы қоңырау.
Көңілді қайтсем екен құбылмалы?!
Әрі таныс, әрі жат бүгін бәрі.
Қарындастың құрбысы бойжетіпті...
(Байқамай жүргем қалай бұрындары?!)

Соңғы қоңырау.
Көңілдегі қозғайды мұңымды әлі.
Қарындастың құрбысы-ай... бұрымдары...
Менің жастық шағымдай гүлге оранып,
Өтіп кетті. О неге бұрылмады?!

Соңғы қоңырау.
Көңілді қазбауыр бұлт-күдік басқан,
Сағыныш бар. Хат күтем сыныптастан...
Кеше біз де осылай қоштасқанбыз,
Қайран, жүйрік жылдар-ай күліп қашқан.

Соңғы қоңырау.
Көңілімнің көгінде мұң тұтасқан...
Сыныптастар қайда екен шұрқырасқан?!
Бәрімізді күтетін, сағынатын,
Біздің ауыл шетінде құлпытас бар...

Соңғы қоңырау. Соңғы вальс. Көгершіндер...
Ұшар, кетер... о қайтіп бөгерсіңдер?!
...Біздің ауыл шетінде сыныптасым
Жалғыз жатыр...
Мәңгі бірге боламыз дегенсіңдер...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу