Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  478


Автор: Мерген Тоқсанбай

АҚЖАРҚЫН

I.

Бүгін,
Жағасында Сілетінің,
Көрдім оның күннен әсем күлетінін,
Гүлден көркем құлпырып жүретінін.
Жел айтты - Есімі Ақжарқын, - деп,
Осы ғана ол жайлы білетінім...

Бүгін,
Сілетінің жағасында:
Мөлдірлік бар көзінің қарасында.
Түн тығылған қасының арасында...
Құстар айтты ән қылып сұлулығын,
Осыған нанасың ба?

Бүгін,
Көрген өзен бойындағы,
Сол қыз естен кеткен, жоқ ойымда әлі...
Жүрек айтты: шын ғашық болдым-ау деп,
Ақыл: Иә, рас деп мойындады...

II.

Жел мүжіген жартастар, Күн кемірген,
Сыр ақтарып бер өткен күндеріңнен.
Ақжарқын келмеді ме, айтыңдаршы,
Тәж киіп ап даланың гүлдерінен?!

Сусылдаған қамыстар жағадағы,
Жалықтырып өмірі қаладағы,
Ақжарқын келген шығар, көрдіңдер ме?
Бір кездеспей қойды, әттең, маған әлі...

Ей, қиыршық құм, тастар! Жанарынан
Күн күліп, таң шығып қабағынан.
Ақжарқын келген шығар? Келген болса,
Сүйдіңдер ме, үлгеріп табанынан?!

О, Сілеті, қарт өзен жатқан ағып,
Не айтасың сен маған мақтанарлық?!
Ақжарқын - аққу келіп шомылды ма?
Қанатын күн бататын шаққа малып.
Осындай сұлулықты көрсеңіздер,
Айтыңдаршы!
Кетейін жүрегіммен жаттап алып!

III.

Жалықтырып жалғыздық,
Ойлар, ойлар... сосын мұң...
Барып кальян алғыздық -
Туған күні досымның...

Будақ-будақ көк түтін,
Көзім алды мұнартып.
Үрледі кеп шоқты кім,
Ұшқынына құмартып???

Шоқтар, шоқтар ұшқындап,
Жұлдыздардай маздады.
Сол шоқ ішке түскенде-ақ,
Жанып кете жаздадым!

Махаббатым өртеді,
Жүрегімді, жанымды...
Қылығың бал, ерке еді,
Күлгеніңді сағындым...

Көк түтін боп бар қызық,
Ұшып кетті, шошындым...
Жетіп келді, жалғыздық,
Ойлар, ойлар, сосын мұң.

Тағы шектім құнығып,
Бұйра түтін көз алдым.
Жайымды жүр кім ұғып?!
Тек сен ғана сезе алдың...

Мен масайып отырдым,
Шығыс патшаларындай!
Сен өлең боп оқылдың,
Менің мұңлы жанымдай!

Будақ-будақ көк түтін,
Көзім алды бұлыңғыр.
Өшіреді шоқты кім?
Өшсін бірге мұңым бұл!

Түтін, түтін жан-жағым,
Толқытты да көңілді.
Сілетінің таңдағы,
Тұманындай көрінді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу