Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  184


Автор: Исраил Сапарбай

Махаббат көлі мұңайды

Қарлығаш қанат қыз едiң,
Үмiттi қалай үземiн?
Көңiлдiң мөлдiр көгiнде
Аққудай жалғыз жүземiн.
Жалғыздық жанға жаман, ə –
Жабырқап тұрмын жағада.
Оралармысың қайтадан,
Ақ қанат ару шағала?
Жанардан жаңбыр жауар ма,
Жайыңды, қалқам, хабарла.
Жүздеспей жүру жалғанда
Саған да қиын, маған да.
Көгiмнен жұлдыз құлайды,
Өткiздiм талай күн, айды...
Аққуын аңсап келетiн
Махаббат көлi мұңайды.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу