Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  161


Автор: Исраил Сапарбай

Сұлу қызға қарап ем — қымсынбады

Сұлу қызға қарап ем – қымсынбады,
Қайта маған қадалды «қыл, сымдары».
Суалды екен қай жерде гүлсiм бағы?
Қуарды екен қай жерде қыршын жаны?..
Сылқым қызға қарап ем – қас қақпады,
Бал қылығын байқатты жас шақтағы.
Қолтығынан батылдау қысып алып
Баққа қарай бастап ем, бас тартпады.
Қоңыр қызға айтып ем ынтығымды,
Күлкiге iлдi – «Сездiм, – деп, – құлқыныңды...»
Содан берi мұң торып кiрпiгiмдi,
Содан берi көңiлiм iркiлулi.
Момын қызға қарап ем – жүзiн бұрды,
Сүзiлдiрдi,
жанымды үзiлдiрдi.
Жүрегiмнiң қанына қосқым келдi
Ақ жүзiне жүгiрген қызыл нұрды.
«Перизаттың перiште жолын бұзба,
Өзi келiп қонса да қолыңызға...»
Осы бiр сөз есiме түскен сайын
Есiм ауып қараймын Момын қызға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу