Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  143


Автор: Исраил Сапарбай

Атқанша таң

Атқанша таң,
Жиекке батқанша Күн
Байыз таппай өзiңдi тəттi аңсадым.
Көз алдымнан кетпедi,
жар көрпесiн
жарым түнде жамылып жатқан шағың...
Кiрпiгiме iнжуiн iлгендей мұң,
Өң мен түстiң iшiнде жүргендеймiн.
Əнтек ашық алқызыл ерiнiңнен
Айта алмаған сөзiңдi бiлгендеймiн.
Қоштасқаның есiмде қимай ғана...
Көзiм алды – көкмұнар, мидай дала.
Өзге түгiл беймəлiм өзiме де
Үйдi айнала бергенiм, үйдi айнала.
Аман жүрек,
сау жүрек,
есен жүрек
қалса қайтем қапыда есеңгiреп?
Бiр өкiнiш өзекте өкситiндей:
«Кезегiңдi өткердiң, кеш ендi» – деп.
Өксiп жатыр,
келгенмен тұншықтырғым.
Жан жарасын несiне ушықтырдым?
Саған қарай ұшатын сыңайы бар
Жүрек құрғыр кеудемнен ыршып бiр күн!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу