Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  165


Автор: Исраил Сапарбай

Жырым саған арналды, әнім саған

Жырым саған арналды, əнiм саған.
(Сабырынан айрылар сағынса адам).
Саздарымды жеткiзсiн сарала күз,
Арманымды жеткiзсiн ағын самал.
Ақ ниетпен жол алды саған құсым,
Алақанға қондырып алармысың?
Жүрегiңнiң төрiнен жай ұсынып,
Жақсылықтың жасай гөр жоралғысын.
Көкiрегiне мұң қонса, мұнар қонса,
Көлденең жұрт жайыңды ұғар қанша.
Көңiл күйi көксеген шертiлер ме,
Домбыраның iшегi сыңар болса?
Жай-күйiнен жанымның берiп хабар,
Бəлкiм, саған бұл əнiм серiк болар.
Оңашада ой кешiп отырғанда,
Терезеңе құстайын келiп қонар.
Таң оянып,
таққанда шолпысын Күн,
Көк теңiздей көңiлiң толқысын мың...
Саған, жаным, тапсырдым аманатқа
Сол əнiмнiң тағдырын – сол құсымның!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу