Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  186


Автор: Исраил Сапарбай

Сенсіз мына қаланың сәні кетті

Сенсiз мынау қаланың сəнi кеттi.
(Сен барында ғажап-ты, ғанибет-тi...)
Мерекесiз мезi еткен мезгiлдейiн
Берекесiз бiр күнiм тағы да өттi.
Бұлқан-талқан жататын бүлiк ашып,
Көктемнiң де биылғы үнi жасық.
Өңменiнен өрiктiң ызғар өттi,
Алма ағашы кешеулеп гүлiн ашып.
Алма бағы – Ақынның арман əнi
Жалқы үмiтке жармасып жан бағады.
Бiр шыбыққа бiр шыбық баһар берiп,
Тiршiлiкке тiршiлiк жалғанады.
Тау төсiнен тарамай қыс тұманы,
Емiс-емiс естiлер құстың əнi.
Көңiлiмнiң төрiнде бiр Муза-қыз
Көз жасына булығып, қыстығады...
Сенсiз мынау көшеде жан жоқтайын,
Жұртты елемей, жамырар жан-жақта ойым.
Тағдырыма таяныш таппай жүрмiн,
Жапан түзде жел қуған қаңбақтайын.
Мен ғаламнан,
Қол үзiп менен ғалам,
Қайда жүрсем, бiр хабар сенен бағам.
Құрағындай айдынның құрақ ұшып,
Лағындай елiктiң елең қағам.
Сенсiз мынау ағаңның халi осындай.
Назырқанған жүректiң наласын-ай...
Көңiлiме жартыкеш көзiн сүзiп,
Көк жүзiнен жартыкеш қарасын Ай.
Ай қарасын сен болып қас-қабаққа,
Зiл-зала мұң еңсенi басқан уақта.
Қала шiркiн қаңырап қалады екен,
Қалқатайың кеткенде басқа жаққа.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу