Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  380


Автор: Дәркен Танабаев

ҰСТАЗЫМ

Біз үшін қажыған, шаршаған,
Сіздерге арналар осы әнім.
Мейірімді пәк жандар баршадан,
Сүйікті пір тұтар ұстазым.
Әр сөзің салмақты алтыннан,
Көңілің тап-таза бұлақтай,
Өзгермей байсалды қалпыңнан,
Ұғасың жанымды сұратпай.
Үрпиген сары ауыз балапан,
Ең алғаш әліппе ашқанда.
Жұп-жұмсақ, аялы алақан,
Жетелеп меңзеді асқарға.
Сонда да бір кінә тақпадың,
Бақыттың білмеуші ем дәл атын.
Он бір жыл аянбай баптадың,
Қомданып қатайды қанатым.
Емеспін баяғы балдырған,
Есейіп келемін әр таңда.
Сан қырды артымда қалдырғам,
Ұстазым өзіңнің арқаңда.
Жастықтың тұрмайды кемесі,
Өзіңді еріксіз қиямыз.
Өмірдің тұр күтіп белесі,
Қош боп тұр аяулы ұямыз.
Жеткіншек келеді келер күз,
Оған да арналар қыс, жазың.
Қырандай шыңдалып келеміз,
Күт бізді пір тұтар ұстазым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу