Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  193


Автор: Дәркен Танабаев

АНА ТІЛІМ

Ғазиз анам бүркегенді жөргекпен,
Мына мен ғой сені талай шерлі еткен.
Бір мен үшін түн ұйқыңды төрт бөліп,
Тал бесігін «бөпем-ай»-деп тербеткен.
Аялаған алақаның гүл көктем,
Әлдилеген әуеніңмен ержеткем.
Жүрегіңе күннің өзі сыйғандай,
Мейірімді едің ана тілім сен неткен.
Құдіретті жер секілді ақ самай,
Ақ сүтіңді қалай жүрем ақтамай.
Асыл сөзден жыр теруді үйреттің,
Бал тіліңді жүре алмаспын сақтамай.
Қанша шапты...аман қалдың өлмедің,
Намысыңды қолдан жауға бермедің.
Атам қазақ қасіретін қайғырып,
Бақытын да айтқан тілі сен бе едің?!
Мекен болып махаббатқа түнгі аспан,
Жымың қағып жұлдыздардай ымдасқан.
Ғашықтарың алаулаған сезімін,
Ана тілім, сен арқылы сырласқан.
Ана тілім қасиетім де, мінім де,
Бабалардың ғажап үні үнімде.
Ата-бабам берген асыл мұрасы,
Ана тілім «Қазақ тілі» ділімде.
Сырласамын ұлы Абайдың тілінде,
Мұңдасамын Махамбеттің үнінде.
Бабаларым сардаламен сырласқан,
Аман жеттің ана тілі бұл күнге.
«Ұлы тіл»-деп, «кіші тіл»,-деп бүлінбе,
Өткір тілдің қырына сен ілінбе.
Әрбір қазақ ардақтауға міндетті,
Сөйлеу керек дархан қазақ тілінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу