Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  148


Автор: Дәркен Танабаев

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІНДЕ

Тіршілік үшін ақ сүтін ,
Жер ана иіп сақтаған.
Күн күліп сүйді еркесін,
Үмітін оның ақтаған.
Береке құт деп жер төсің,
Гүлдерден алқа тақты оған.
Теңеліп түнім күніммен,
Көктемнен жеткен бұл хабар.
Көгеріп дала бүрлеген,
Тыраулап тізбек тырналар.
Нәуірзек келіп жеткенде,
Бәйшешек қырда бүр жарар.
Тәңіріне табынып,
Әруақтарға сыйынып.
Аллаға мадақ шүкірлік,
Үлкенге кіші иіліп,
Ұлыстың ұлы күнінде,
Бас қосар халқым жиылып.
Мал жаның қыстан аман ба?
Береке тілеп заманға.
Қауышып жаңа наурызбен,
Тілегін айтар ақтарып.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Кетеді досым бақ дарып.
Жаңбырлы болсын көк өртең,
Өрісті болсын жер ертең.
Наурызым елге құт берсін,
Құшағын жайсын ел өркен.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Жырлайық соны кел еркем.
Наурыз көжесін қайнатар,
Ұлыстың таңын атырып.
Ақ дастарқанын жайнатар,
Сары қымызын сапырып.
Сыйлайды қазақ қонағын,
Қасиетті дәмге шақырып.
Жастардың әні жарасып,
Ғашықтар кетер қыр асып.
Алтыбақаны тебіліп,
Домбырадан күйлер төгіліп.
Жүректен шыққан әуенге,
Қалады дала көміліп.
Тіршілік үшін ақ сүтін,
Жер ана иіп сақтаған.
Күн күліп сүйер еркесін,
Үмітін оның ақтаған.
Береке құт деп жер төсің,
Гүлдерден алқа тақты оған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу