Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  107


Автор: Дәркен Танабаев

АУЛАМЫЗДЫҢ БІР СӘТІ

Шырын тұттар жатыр әне үйіліп,
Шіре құмар көк шыбындар жиылып.
Бұзық торғай шоқып-шоқып қояды,
Шырылдаған шегірткеге түйіліп.
Бұта біткен майысып тұр иіліп,
Көз тартады сары өрік қиылып.
Жаз көйлегін киіп алған бақ іші,
Арасынан күн сәулесі құйылып.
Таптым деді сақ сауысқан сақылдап,
Қалған құстар жетіп келді мақұлдап.
Алақанат торғай отыр қызғанып,
Тілі ащы қатындардай сампылдап.
Жас қоразбен кәрі қораз тоғысқан,
Мекиен үшін аянбай-ақ шоқысқан.
Кәрі қақпас тойлап жатыр жеңісін,
Шөже қораз қайтқан қанды соғыстан.
Ала төбет жатыр тілі салақтап,
Келгендерді көзбен ғана сараптап.
Жатыр ма екен ит өмірді жазғырып,
Бар қайғысын ұйқыменен таратпақ.
Жеңгем менің қолы жылдам, пысық ақ,
Қолтығына інімізді қысып ап.
Құрты қайнап бұрқылдайды қазанда,
Ақ айраннан сары майын пісіп ап.
Інім жылап отыр жазды қыс қылып,
Жұбатсам да қарамайды пысқырып.
Тұтқа тойған қара торғай бұтада,
Жылауық деп мазақтайды ысқырып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу