Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  447


Автор: Дәркен Танабаев

ЖЕР АНА

 


Айналайын дөп-дөңгелек, алтын құрсақ аяулым,
Маған қымбат сенің әрбір миллион түрлі бояуың.
Ару қыздай сен бойжетіп, күннің шуақ төсінде,
Тіршіліктен содан бері естіледі аяулы үн.
Оянды да, күллі әлем түрлі түске малынды,
Күн құдірет, күн суретші, ақын екен жалынды.
Табындырды, таңдандырды, есіңнен де тандырды,
Ғажап алау шарпып өтті сенің нәзік жаныңды.
Мейірімді ана, кеттің мүлде сиқырланып, құлпырып,
Күн әкеміз ғашық болды аяғынан тік тұрып.
Өздеріңе еліктей ме тыныс алған тіршілік,
Тіршіліктің құпиясын тұрғандайсың ұқтырып.
Жер анашым! алтын бесік, құт тараған өріңнен,
Ғашық болдым орманыңа қолаң шашы өрілген.
Естен танып жұпарыңа, ажарыңа арбалып,
Ғашық болдым айдыныңа, айдың жүзі көрінген.
Ғашық болдым самалыңа сызылтып ән салатын,
Ғашық болдым бұлт көзіңе егіліп жас алатын.
Ұлы арман, жайды жерге нәзік сезім қанатын,
Махаббат деп айтар едім бұл сезімнің дәл атын




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу