Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  137


Автор: Исраил Сапарбай

«Кетпе» – дейсiң

«Кетпе» – дейсiң,
Өкпелейсiң.
Тез басылдым, мастық па, сөкпегейсiң,
Көз жасыңды жастыққа төкпегейсiң.
«Кетпе» – дейсiң,
Кетпеуге бар ма амалым,
Түсiнсеңшi менi де, арман-əнiм.
Жүру қайда пендеге Хан, Тəңiрдей,
Тұла бойын аралап қан тамырдай
Мен жəне бiр жүрекке жалғанамын.
Саған,
Маған,
Оған да жақсы шығар
Кеш те болса кеткенiм, қалмағаным,
Көңiлiңе ренiш алма, жаным...
Шайқалғандай шыңдағы бiр шынарың,
Өшiп-жанып өңiңде нұр, шуағың,
Əлдекiмге кектендiң, тыншымадың,
Ерiнiңдi неткенiң қыршығаның?
Тағдырыңа өкпе айтып құса қылған,
Жiбермейсiң ып-ыстық құшағыңнан,
Ауа жетпей мен болсам тұншығамын,
Бұл құшаққа бiлмеймiн кiм төзерiн,
Бұл құшаққа бiлмеймiн кiм шыдарын...
Ендi бiрде... Нұр тамып iреңiңнен,
Мойынымды орап ап бiлегiңмен,
Күбiрлейсiң көзiңдi тарс жұмып ап,
Сырласқандай өзiңмен, жүрегiңмен.
Сен еркелейтiндей,
Сен өртенетiндей,
Сен назданатындай,
Сен мəз болатындай
Айтшы, жаным, соншалық кiм едiм мен?!
Ай ажарлым,
Гүл өңдiм,
Күн бейнелiм,
Қыр-сырымды жүрсiң-ау бiлмей менiң.
Кештеу келiп, қайтатын түн ауғанда
Мен сен үшiн – елеспiн, бiр бейнемiн.
Сен қиялдайтындай,
Сен қия алмайтындай,
Сен сағынатындай,
Сен табынатындай,
Сен жалынатындай
Менi мынау, шынында, кiм дейдi өмiр?
Жадауланып қалғандай жанат-бағың,
«Кетем»– деген сөзiмдi жаратпадың.
«Босағамды, кеш келiп, жаңа аттадың,
Жалғыз жүру қауiптi жарым түнде,
Жiбермеймiн, күт, – дейсiң, – таң атқанын...»
Өткен күнiмiздi,
Көктем, күзiмiздi,
Қайғы, мұңымызды,
Айды, жылымызды... –
Келе жатқан жаңылмай санап бəрiн
Уақыттың жүрегi – сағат барын
Ұмытқандай, кесеге қол созасың,
Шарап емiң,
Секiлдi шарап дəрiң.
Көңiлiңе мен үшiн қауiп алма,
Тыныш ұйықта, есiктi жауып ал да.
Махаббаттың басылмас мауы барда,
Дос түсiнiп, жанымды жау ұғар ма?..
Аппақ арым – барында оққағарым
Кiмнен қорқып,
Кiмдерден сақтанамын?
Айырмасын бiлетiн ақ, қараның
Ақындарға жат емес, жақ қала бұл!
Бiр көшенiң бойына түсiп алып,
Қара түннiң қойнына жоқ боламын...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу