Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  130


Автор: Исраил Сапарбай

Сені күттім

Айтылар əн,
Таусылып жазар шумақ,
Сенi күттiм, аяулым, азар шыдап.
Дəл осылай тағатсыз күтушi ем-ау
Қайтар кезiн əкемнiң базаршылап…
Қандыра алмай көңiлдiң құмарын əн,
Сенi күттiм көкжиек мұнарынан.
Шолпысындай Тоқжанның сырлы үнiң бар,
Кетпей қойған Абайдың құлағынан.
Бiр жүрекке дауа мен дару болмай
Өз отыңа өртенiп, жану қандай?!
Сенi күттiм, кешегi от кешуде
Жарын күткен аяулы арулардай.
Арада бiр алдамшы сағым бардай
Сенi күттiм титтей де сабыр қалмай, –
Арман қуған арыстай азаматын
Ауылдағы анасы сағынғандай.
Айтылар əн таусылып, жыр бiткендей
Қалауыма, еркiме тiрлiк көнбей,
Сенi күттiм,
жұмыр жер, бар табиғат
Күн көзiнен шапағат, нұр күткендей!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу