Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  124


Автор: Исраил Сапарбай

Сүмбіл шашты су бетіне жайып сал

Сүмбiл шашты су бетiне жайып сап,
Əппақ, ару ажарыңа ай ұқсап,
Айлы кеште су перiсi – өзiңмен
Арғы бетке өтер ме едiм қайық сап.
Ақ жағалау,
Мөлдiр айдын,
Белең көк...
Жасыл құрақ жəутең-жəутең елеңдеп,..
Жүректегi қатқан шердi шемен боп,
Бiр-ақ сəтте жiберсең-ау сен емдеп;
Ақ боз мұнар құшағына ап тымық,
Айдын бетi шарайнадай пəк тұнып,
Бiлегiмдi жастанып сен жатсаң-ау,
Жəудiр көкке жанарыңды лақтырып...
Сен Лəйлiге,
Мен Мəжнүнге елiктеп,
Шөлiркесем көзiм жұма төнiп кеп –
Құшағымда қорғасындай балқы да,
Ерiнiңнен өпкен сəтте – ерiп кет!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу