Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  234


Автор: Исраил Сапарбай

Жыламашы, жаным

Жыламашы, жаным...
Мен сенi көргенде, жыласын деп пе ем?
(Жанымда жүр ғой бiр асыл көктем).
Қара бұлттарды қақырата сөгiп,
Найзағай, мейлi, құласын көктен;
Құласын көктен мертiгiп қыран!
Шемен жүректен шертiлiп бiр əн..,
Бəрiбiр, жаным, мен саған жырмен
Серi көңiлдiң сертiн ұқтырам.
Мұңайғаның не мына өзiм барда,
Жарқын да жарқын мiнезiм барда?!
Жанарға жасты мөлдiреткенiң не?
Көзiңде, бəлкiм, көл дiр еткенi ме?
Тап болдың ба екен тағдырдың, əлде,
Тылсым да тайғақ сен бiр өткелiне?..
Шат күлiп жүрiп шалыс бастың ба,
Айналып кетiп ағыс тасқынға?
Қоңыр бақтармен қоныстастың ба,
Қоңыр түндермен қол ұстастың ба?
Қоңыр түндерде лəззаттар бар ғой,
Қайғы да бар ғой жетерлiк...
Махаббат жауы – кəззаптар бар ғой,
Мөлдiрдi былғап кетерлiк!
Ұрындың ба екен соларға, жаным,
Бұрылдың ба екен байқамай?
Жанған соң ерте жанарда жалын
Сүрiндiң бе екен, қалқам-ай?..
Жалғыздық торы қыспаққа алды ма,
Мұншама, жаным, торықтың?
Бағыңды бiреу ұстап қалды ма,
Жауызға əлде жолықтың?..
Əйтеуiр, сенiң ағыл да тегiл
Көз жасыңнан мен қорықтым!
Қиюы қашқан сөздерiмменен
Басын бiр шалып əрненiң,
Жұбату жайын сезгенiмменен,
Жұбатуға жетпей дəрменiм,
Бiр сезiм бойда асқына меңдеп,
Шым батырған соң шер мүлдем,
Жанарыңнан сүйiп, ащы да кермек
Жасыңды жұта бердiм мен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу