Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  166


Автор: Исраил Сапарбай

Мерт болған гүл

Мiнезiңдi соншама бұлдағандай
Айтшы, кiнə бар едi гүлде қандай?
Жұлса жiгiт – үмiтпен жұлған шығар,
Сен лақтырсын деп бiрақ жұлмаған ғой?!
Көркiменен кестелеп көктеменi,
Кеше ғана құлпырып, көктеп едi,
Бүгiн ғана бүршiгiн жарған едi,
Өрттей сөнiп өмiрден өттi-ау ендi!
Өттi-ау, шiркiн, өмiрден құлпыра алмай,
Самал желмен сəнденбей, сiлкiне алмай.
Аямастан сен оны лақтырдың,
Гүлге деген көңiлiңнiң бұлты бардай.
Айып санап жiгiттiң кеш келгенiн,
Ескермедiң,
Гүлiн де қош көрмедiң.
Гүлдей нəзiк қыз деуге қимай тұрмын,
Гүлдей нəзiк қыз болсаң өстер ме едiң?!
Бүгiн ғана бүршiгiн жарған едi,
Секiлденiп ай елi, арман елi...
Сол бiр гүлмен,
Гүл сынды өзiңменен
Жас жiгiттiң жұлдызы жанбақ едi.
Тас төбеме түскендей құлап бiр Күн
Амалым не, егiлiп жылап тұрмын.
Мен жыламай қайтейiн,
Гүлмен бiрге
Жүрегiмдi ұсынған лақтырдың;
Тұла бойы жаралған арманнан кiл
жан едiм ғой,
Қалайша алданғанмын?
Тас көше де сұлқ түсiп жатты бұл кез
Аяқ асты тапталып, қор болған гүл.
Елден бөтен, шошып дiр ете қалдым,
Ендi тұрсам бұл жерден не табармын?
Қыз қолынан мерт болған гүлiмдi алып,
Қара тұтып, қайырылмай кете бардым...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу