Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  140


Автор: Дәркен Танабаев

БҰЛБҰЛ МЕН ҚЫЗҒАЛДАҚ

Бұлбұл құс тамылжытып тау бөктерін,
Мадақтап жасыл желек тау көктемін.
Жүректі ғажап үні шымырлатар,
Естіген таңданыпты «пай! неткен үн»
Сайран сап кең даланы ұшқан шарлап,
Армандап қиялында көкті қармап.
Естіп ол әсем гүлдің бүр жарғанын,
Көңілі аласұрып іздеп бармақ.
Жайлауы тоналса да күрең күз кеп,
Бұлбұл құс ғажап гүлді жүреді іздеп.
Кезігіп тағдырлары тоғысқанда,
Сайраған «ғашықпын»-деп «сеніңіз» -деп.
Қызғалдақ сұлу екен жерге біткен,
Әркім-ақ маған тең деп үміт еткен.
Бұлбұлдың тек батылы бара алмаған,
Сұлуға тең емеспін депті тіптен.
Құдайға жалбарынып күндіз-түні,
Қарлығып бұзылыпты әсем үні.
Қызғалдақтың жүрегін табындырсам,
Деуменен өтеді екен жарық күні.
Қызғалдақ көздің нұрын алады екен,
Жүрекке қып-қызыл шоқ салады екен.
Тербеліп самал желге, алтын күнге,
Бұлбұлдың мазасына қалады екен.
Қызғалдақ бұлбұл жанын сезеді ме?
Қиялы кең әлемді кезеді ме?
Бұлбұлдың жанға батқан махаббаты,
Оның да жан жүрегін езеді ме?!
Өсірген әсем гүлді бақшасында,
Бағбандар тұрады екен бақ қасында,
Құлпырған қызғалдағын бергісі жоқ,
Алтын түгіл әлемнің патшасына.
Ұшқан құс жорғалаған жәндіктен де,
Алдамшы жалт-жұлт еткен сәндіктен де.
Көз ілмей бағбаншылар қориды екен,
Көрсетпей әсем гүлді жан біткенге.
Қызғалдақ сұлу екен жерге біткен,
Әркім-ақ маған тең деп үміт еткен.
Бұлбұлдың тек батылы бара алмапты,
Сұлуға тең емеспін депті тіптен.
Әркім де өз ойынша шамалайды,
Соңына аңызымның жағалайды.
Жүрегім сұлулыққа құштар еді,
Қиялым көкті самғап аралайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу