Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  135


Автор: Дәркен Танабаев

Саусағыңмен айқасқанда саусағым,

Саусағыңмен айқасқанда саусағым,
Бір өзіңе сенетінін айтпады ма, қалқам-ау?!
Жұдырық боп түйіліпсің кәусәрім,
Бұл қайғыны қиын боп жүр арқалау.
Кездескенде қарысатын құшағым,
Бір өзіңді іздейтінін айтпады ма, қалқам-ау?!
Қара мұздай, ерімейді құшағың,
Бұл қайғыны қиын боп жүр арқалау.
Дамыл таппай тулап жатқан жүрегім,
Бір өзің деп соғатынын айтпады ма қалқам-ау?!
Сені ойлап алты ай бойы жүдедім,
Бұл қайғыны қиын боп жүр арқалау.
Сүйіскенде қарушы еді от ернім,
Бір өзің деп күйетінін айтпады ма, қалқам-ау?!
Бал ерніңді аңсауменен өтермін,
Бұл қайғыны қиын боп жүр арқалау.
Мың құбылған алып-ұшпа мінезім,
Бір өзіңе еркелерін айтпады ма, қалқам-ау?!
Бәріне де кінәлімін мен өзім,
Бұл қайғыны қиын боп жүр арқалау.
Қара бұлттай түнеретін қабағым,
Бір өзің деп қайғырарын айтпады ма, қалқам-ау?!
Мұң шашады сенің жұлдыз жанарың,
Бұл қайғыны қиын боп жүр арқалау.
Бүршік атпай солады ма сезім гүл,
Бір өзіңді үнсіз сүйдім қалқам-ау,
Сүймеймін деп айта алмайсың... өзің біл,
Бұл қайғыны қиын боп жүр арқалау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу