Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  184


Автор: Исраил Сапарбай

Көктем еді

Көктем едi...
Көрсек дедiк көктемде Көктөбенi.
Аспалы жол домбыра iшегiндей
Алматыдан бiздi алып кеткен едi.
Серуендеуге болатын кез ыңғайлы,
Елiтедi бiр масаң сезiм бойды...
Мен бұл күнi желпiне жыр оқыдым
Өмiр жəйлi,
Гүл жəйлi,
Өзiң жəйлi...
Мұндай кездер өмiрде көп болмайды,
Мұндай кезде көңiлде шек қалмайды.
Мен бұл күнi желпiне жыр оқыдым
Өзiң жəйлi,
Гүл жəйлi,
Көктем жəйлi...
Бiр нүктеге үн-түнсiз қарап қалып
Сен тыңдадың,
Кеттi өлең қанат қағып.
Алматы да
Ақ шаңқан Алатау да
Жатты менiң жырымда мадақталып.
Ақ көңлiме арбалып қалдың бiлем,
Бал-бұл жанып кеткендей балғын iрең...
Ал сонан соң...
Бiздердi аймаласқан
ала бердi баурына шалғын – кiлем...
...Үнiң неткен, Уақыт-ай, өктем едi?
Күнiмдi өткен кiм ендi ап келедi?
Көктем келсе, ерiксiз еске алам мен
Сол бiр күндi,
Өзiңдi,
Көктөбенi...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу