👈 қаріп өлшемі 👉

  15.10.2021
  5118


Автор: 18+ жас

БАЛКОННАН КЕЛГЕН ХАТ

Мен сіздерге басымнан өткен оқиғаны айтқым келеді. Бұл сырымды бұрын соңды ешкімге айтпағанмын және алғаш рет бөлісуді ұйғардым. Ұнайды деген үміттемін. Өтініш, мазақ қылып немесе келеке етудің қажеті жоқ.
Алматының орталығында төртінші қабатта тұрамын. Қарсы беттегі бірінші қабатта тұратын екі көрші қыз болатын. Апалы сіңлілі қыздар отбасымен бірге тұратын. Байқағаным бойынша әкелері бір түрлі, ұрысқақ адам болатын. Үйлерінде айқай шудың болып жатқанын жиі еститінмін. Анасы болса ерте кезден ажырасып кеткен екен. Сол екі қыздың кішісімен болған қарым-қатынасымыз жайында баяндағым келіп отыр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын сол қыздың балконына хат қалдырғанмын. Ешқандай арам ой жоқ. Тек кездесіп, жақынырақ танысқым келетінін жазғанмын.

Солай ол қыздың менің хатымды қашан байқауын аңдумен болдым. Өз балконымда отырып менің хатымды көргенін күттім. Хатты балконның тура алдына қойғанмын, байқамауы мүмкін емес еді. Күткенімдей, табылуы қиын болмады. Хатты қолына алып мұны кім тастады екен дегендей айналасына қарап мені көрді, мен де қолымды бұлғадым. Артынша хатты ашып оқыды да ішке кіріп кетті.

Ол маған жауап хат жазып жатыр деп ойлап біршама күттім. Жазса кешіктірмей төменге түсуге дайын отырғанмын. Бірақ үйдегілер шақырып, бұл жолы мен ішке кіруім керек болды.

Мен жиі-жиі шығып, хат күтіп қалмады ма деген оймен тексеріп тұрдым. Одан кейінгі күндері де әр таңымды универге барарда хатты жолықтырамын деген үмітпен сол балконның алдынан өтіп жүрдім.

Содан кейін бір күні мен өз балконымда отырсам, көрші қыз балконына шығып маған қарады, есіне түсті ау деп ойладым. Мен де қолымды көтердім. Ішке кіріп кетті де, он минуттан соң қолына бір қағаз ұстап қайта шықты. Мен болсам әлгі тұста қатты қобалжып кеттім. Неге екенін әлі күнге дейін білмеймін.

Тез арада төменге түсіп хатты қойған жерінен алдым. Асығыс төменге түсерде бір жағынан біреу байқап қалама деп қорққаным есіме түссе әліге дейін өзімнен ұяламын. Содан үйге оралып күткен хатымды ерекше сезіммен аштым. Маған аты жөнін және Facebook-та достық жіберуімді жазыпты. Сол мезетте жібердім, ол да кешіктірмей қабылдады. Атын да сол кезде білдім, бірақ оны бұл жерде жазғаным дұрыс бола қоймас.

Содан біз бірталай әңгімелесіп, көрші саябақта жолығуды жөн көрдік. Мен үшін мүлдем басқаша, таңсық сезімдер еді, қатты толқыдым. Өзім қыз болғанмен басқа қызға деген қызығушылығым алғаш рет болатын.

Саябаққа шығар алдын боянып, сыланбай, тек көздерімді қаламмен бояп, үйде қалай жүрсем солай бардым. Ол да дәл солай келіпті. Уәделескен жерімізге мен бірінші бардым, ол да 3-5 минуттан соң келді. Амандасып, сөйлестік. Өз өмірін, қызығушылықтарын айтып берді. Әке шешесінің ажырасқанын… Бұрынғы жігіті қиянат жасағанын… Универдегі сабақтарының қиындығы… Бірталай әңгімені айтып жылап алды. Оның жылағанына мен де мұңайып кеттім. Мен де қосылып жылап алдым. Сол кеш бір бірімізге эмоциялық тұрғыдан қатты жақындастық. Мұңымызды бір бірімізге айтып, бір-бір темекіден шегіп алдық…

Содан кейін тағы да кездесеміз деп уәделесіп үйлерімізге тарадық. Әдетте біз тұратын ауданда екі дос қыздардың қол ұстасып жүргені ешқандай да ерсі көрінбейтін. Бірақ біз қатынасымыз достықтан өзгеше деп шешкендіктен алдымен сен бар, сосын үйге мен барамын деп келісіп, үйге бөлек қайттық. Өзі біртүрлі болды…

Сонымен… Мен лесбиян емеспін, ондай ниетім де болмаған. Бірақ сол кезде алғаш рет осындай, өзгеше сезімде болдым. Шынымды айтсам, мұны не үшін жазып отырғанымды да білмеймін ?

Содан кейін Фейсбукте біраз сұхбаттастық. Бірақ әрдайым жазып, бір біріміздің мазамызды алмайтынбыз. Дос ретінде хал жағдайды сұрасып дегендей…

Осылай басталған болатын. Соңы түнгі сағаттар бойы сырласуға ұласты. Бір бірімізге барлығын айтып түсіндіретінбіз. Бірақ қарапайым достардың әңгімесі емес, психологпен әңгімелесу секілді болатын. Бір бірімізді тыңдайтын, түсінетін едік. Әр мәселенің шешімін бірге табуға тырысатынбыз. Сағаттап сөйлесетінбіз, ия-ия, сағаттап. Кейбір кездері таңғы намаздың азанының дауысы естілгенше уақыттың қалай өткенін білмей қалатынбыз. Мен бұған дейін ешбір еркекпен бұлай сөйлеспеген болатынмын, бірінші рет және қызбен болды…

Осылай сөйлесіп жүріп тағы да кездесуді ұйғардық. Бірақ бұл жолы асығыспай, бірге қыдыруға. Үйге жақын аялдамада жолығып Арбатқа бардық. Онымен Арбатта қол ұстасып қыдырған шақтарым… Ғажайып уақыт болатын. Бірге қыдырдық, киноға бардық. Қайтқанда кешкі қараңғылықты пайдаланып ешкім көріп қоймасын деп тығылып ернінен сүйген кезең… Расымен басымнан өткен ең бақытты уақыттар еді.

Басқа қалаға немесе басқа елге көшіп кетіп, бірге тұруды армандайтынбыз. Расымен бұл өте қызық еді…

Бірақ біраз уақыт өте жағдай өзгерді. Ол өз сезімдері, мен жайында әпкесіне айтуды ұйғарды, әрине бұл шешімін мен қолдадым. Бірақ әпкесі біздің кездескенімізді немесе араласқанымызды мүлдем қаламады. Сол күннен кейін біз көп сөйлесе алмадық. Бұған әлі күнге дейін қатты өкінемін, ешкімге айтпай, жасырын болса да кездесіп жүрсек болар еді… Тек бір бірімізді сыртта көргенде, жанымыздан өткенде кішкене күлімсіреп, қалғанының барлығы өтті, кетті…

Өкінішке орай, мен өмірімдегі алғашқы және соңғы рет басымнан өткен бұл тәжірибені толықтай сезіне алмадым…

Мүмкін осылай да жақсы болған шығар. Бірақ мен мұны басымнан кешірдім және ешқашан ұмытпаймын.

Біз ешқашан адамдарды сынамауымыз керек. Кім кімді қаласа, қаласын. Кімді сүйсе, сүйсін. Егер ішіміздегі сезімдерді басқасына аша білсек, оны сүйе алсақ және өзімізді жақсы сезінсек, онымен бірге болуымыз керек. Адамдарға сын көзбен емес, сүйіспеншілікпен қарауға тырысайық.

Мен оны бүгін тағы да жолықтырдым, бұл жолы да мазасыз еді. Өмірінде не болып жатқанын кім біледі… Бірақ екеуіміздің де өміріміз көп өзгерді. Универді бітірдік, жұмыс, жаңа орта, жаңа достар… Оның өмірі де осылай.

Енді кездесе алуымыз мүмкін емес…

Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Комментарии

Қайрат
Қайрат 17.11.2021 21:12
Кароче мен уйде айелиммен секс жасадым бул басымнан откен азыл кыла берындерр

Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы