Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  491


Автор: Маралтай Райымбекұлы

Тарихтың кім кетпеген тақымында?

Тарихтың кім кетпеген тақымында?!
Бек сенген мақсаты мен ақылына.
Хан Кене бір күндері жаушы салды,
Ботпайдың бетке ұстаған батырына.
Жаушының сөзі қысқа. Нақда-нағы:
— Дулаттың қарекетсіз жатқан әлі,
Ат жалын тартып мінер кәрі-жасы,
Қырғызға дайын тұрсып қаптағалы!
Сыпатай саумалайды сақалын кеп,
Тағдырдан тағы не сор татамын деп.
Қырғызға қарсы шапса, жүзі күйіп,
Бір дауға қалары анық шатағы көп.
Кеңісе қамар белдік беліндегі,
Сұр семсер дем тартады төріндегі.
Құп алса Хан Кененің өктемдігін,
Екі елдің оты мәңгі бөлінгені.
Кененің құрығы ұзын, қолы мығым,
Қай күшпен тоқтатарсың оны бүгін.
Көкжиек жұтып бара жатыр әне,
Және бір ауыр ойға толы күнін.
Қапа боп батқан күнге, атқан таңға,
Зар болып жалғыз үзім қатқан нанға.
Дәл бұлай абыржыған кезі бар ма ед,
Хиуаның зынданында жатқанда да.
Қырғызбен құдандалы, өрісі кең,
Иті мен иті туыс, бөрісімен...
— Тақ құмар ханға бола қайдағы жоқ,
Көршімнің қанын шашам не үшін мен!
Жапалақ бір жалп етті жар басынан,
Осы деп "өгіз — өліп, арба — сынған!"
Алла деп атқа мінді,
Беті — Алатау.
Бүл істің хабарсызбыз арғысынан.
Аңыздың ақыры осы, сенесің бе-ей,
(Бұл аңыз — бар аңыздың төресіндей!)
Бүгін ғой басымды іздеп қаңғып жүрмін,
Кененің көрден шыққан денесіндей.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу