Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  295


Автор: Маралтай Райымбекұлы

Қазанама

(Бауыржан Үсеновке)

Сұм ажал адырнасынан
кімдерді байлап атпаған,
Қорамсақ толы сұр жебе
кімдерге әлі сақтаған?
Жақсы адам өтсе өмірден
жақсының жанын езеді-ау,
Ақ найза толғап қомдана
орданы бұзар кезі еді-ау!
Томсарған тірлік қобызын
толайым жүрек толғай ма,
Біздерге олқы кең дүния
сіздерге арман болмай ма?!
Жатсың ба жайлы, жас аруақ,
бүлкілдеп бейбіт беткейде,
Қырапдар көзін жұмғанша,
кұзғындар кырптып кетпей ме!
Мезгілсіз сөнген жалын көп,
сұм ажал кімді елеген,
Оқ тиіп ол да — отызда
көз жұмбап пе еді Төлеген?
Жиырма бір жасын арқалап
Артығали да арманда,
Мұқағали да аттанған
жырларын жалғап жалғанға.
Адвокаттарды менсінбес
бұл ажал дейтін — ауыр заң,
Саламат болсын иманың,
бақыл бол, көкем Бауыржан!
Құмалақ ашса көңілім,
жүректі күпті ой үңгілер,
Ішінде кеткен сыр аз ба ед,
өзінен басқа кім білер?!
Өмірді қорғап әлі де
ак, қанат жырлар жазбас па ең,
Алқымнан алған ажалға
қаламмен қабір қазбас па ең?!
Балдағы асыл семсер жыр
сермелмей, әттең, сынды ғой,
Құрақтай ғұмыр ғасыл боп,
жанарға шықтар тұнды ғой.
Ащы ғой ақын тағдыры,
тәттісін Тәңір қимайды,
"Адамдар сияр табытқа
ақындар бірақ сыймайды!".



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу