Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  222


Автор: Маралтай Райымбекұлы

Қызыл өлең

Қасіретке боялған ба қызғыл түн,
Қиыр-қиыр қыраттар да қызғылтым.
Қоса ағарар қосағасын аңсайды,
Қойлы ауылға қиған еді ол қыз қылқын.
Сәтінде ағам отарды үйге бұратын,
Шай даярлап қырда ол күтіп тұратын.
Қапелімде қазанаттың ері ауып,
Қайғы-мұңға төрін берді мына түн.
Ықтырардай ырық бермес лаңды,
Қариялар күбірлесті Құранды.
Ағам ғана аймалайтын ақ алқым,
Жесірліктің жасыменен шыланды.
Аза тұтты ағайындар түгел кеп,
Акқа орап, алып кетті кілемдеп.
Үш жылдан соң әкем жатты оң жақта,
Қара ұлыма қамқор болып жүрем деп.
Апам сосын қара киіп қамығып,
Қара ұлы мен шалын ойлап зарығып,
Жоқтау айтып отырушы еді, оны да —
Қара дауыл қағып кетті қағынып.
Тоқтата алмай тосын келген ажалды,
Жіңішкерді, жүйкем менің қажалды.
Кетем деп ем, кете алмадым, қимадым,
Қия алмадым тірлік дейтін тажалды.
Маңдайымды сүйеп құлпы тасына,
Ата-анам мен бауырымның кеп басына,
Жазылмаған жырымды оқып тұрамын —
Қазылмаған қабірімнің қасында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу