Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  114


Автор: Маралтай Райымбекұлы

О дүниеге хат

“Мен өлермін алтын Күннің
шығуына қарамай"
С.Ерубаев

Алтын шашын тарқата алмай батқан Күн,
Арыстай боп Ай астында жатқан кім?!
Ағып барып жоқ боп кеткен сәріде,
Анау жарық жұлдыз ғой Саттардың.
Тас түнекті тас төбеден қашырып,
Әппақ өлең бара жатыр шашылып.
Сүттей сәуле Кұсжолыңа сіңгенде,
Алқаракок кеңістікке асылып.
Ажал сыры түйсігінде сақгалған
Ғазал сыры мәлім болған Саттардан.
Қанаты бар қарындастар дүрлігіп,
Пыр-пыр етіп ұшып жатыр бақтардан.
Тірілердің бәрі өледі — мұңдаспыз,
Өлгендердің бәрі тірі – құрдаспыз!
Қыршын кеткен ақын көрсең сәлем айт,
Жиырма үшімде ұшып кеткен, сырлас қыз.
Бақыт бар деп босқа өткізіп күндерін,
Сүйретіп құр сүлдерін.
Амалы жоқ ақпаған соң жұлдызы,
Қанаты жоқ, қайғы жұтып жүр дегін.
Құстар қайта қонып жатыр бақтарға,
Осылай деп бұлжытпай айт Саттарға.
Бататын Күн шығу үшін батады,
Жалғыз біз бе жетпей кеткен ақ таңға.
...Маралтай деп қол қоюым шарт емес
О дүниеден жауап келмес хаттарға.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу