Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  176


Автор: Дәркен Танабаев

ҚОШАҚАН ГҮЛ

Толғандырмас сезім кімді,
Әр гүліңді етем мақтан.
Қошақан гүл есіміңді,
Дана халқым тауып айтқан.
Жанарыңды жасырасың,
Әлдекімнен қорыққандай.
Қоштасуға асығасың,
Махаббаттан торыққандай.
Жаратқанға табыстаған,
Тағдырыңа секем қарап.
Өмір үшін алыспаған,
Нәзік қызға жүрем балап.
* * *
Қазығұрт жайдақ төсіңе,
Жапқанда көктем көрпесін.
Жоталар түсер есіме,
Түйенің салған өркешін.
Көбелекке ұқсап көлбеңдеп,
Гүл біткен жағып жаныма.
Етек жеңдерім елбеңдеп,
Қона кетуші ем маңына.
Таразы көзім телміріп,
Ер жеттім ару іздедім.
Қыздарды теңеп гүлдерге,
Теңедім бірақ үзбедім.
Тапсам деп әркез тағатсыз,
Қыс тонап алды, күз демін.
Қалсам да тоңып қанатсыз,
Жүрегімдегіні іздедім.
Жұлдыздай көкте ақтым да,
Шарладым жерге сыймадым.
Аққуымды әрең таптым да,
Раушан гүлін сыйладым.
* * *
Көңілдің құсын кесе өткен,
Байый ма пенде есептен.
Жарытпас жанды жалқаулық,
Жібермес жылы төсектен.
Терменен келсе жаныңдай,
Еңбектің ыстық нанындай.
Қанағат етсең тапқанды,
Телміріп жұртқа жалынбай.
Жиылар дәулет кәсіппен,
Болатын бала бесіктен.
Бейнеттің ащы теріндей,
Келеді ырыс несіппен.
Нақылдай бұл да көнерген,
Еңбектен бақыт көгерген.
Қолы алтын ісмер шебердің,
Жұлдызы жанар өнермен.
Ақылды қылмас қамсыздық,
Жанына батар малсыздық.
Меңдесе жанды жалқаулық,
Түседі жолға арсыздық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу