Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  199


Автор: Дәркен Танабаев

ЕЛІМІЗДІ ҚОЛДАЙ КӨР

Аңызыңды арқа тұтып жаттағам,
Киелі тау жусан дала бақ маған.
Тіршілікті топан судан сақтаған,
Қасиетіңді құрмет тұтам мақтанам.
Қазығұрт ата, елімізді қолдай көр.
Сан ғасырды қойнауында өткізген,
Қасіретті көп көрген ел жоқ бізден.
Құт шаңырақ қазағымды жеткізген,
Сағынғанда көзімнен жас төккізген.
Байтағыңа ырыс бақыт жолдай көр.
Шабылғанда оққа ұшып боздағың,
Елмен бірге сағым дала боздадың.
Алтын құрсақ аман қалдың тозбадың,
Алпыс екі тамырымды қозғадың.
Ғайып Ерен Қырық Шілтен қолдай көр.
Тағдыр талай табаға сап қинаған,
Ел болдық біз етек жеңін жинаған.
Нарық келіп елім есін жимаған,
Өзің едің елге қуат сыйлаған.
Қамбар ата ұрпағыңа қанат бер.
Жайсаңдарға жасаталық төрелік,
Ағаларға іні болып ерелік.
Сарыарқаға маңғытып мал өрелік,
Берекенің бітпес кенін көрелік.
Шопан ата ырысыңнан санап бер.
Кең әлемге елім жайсын құлашын,
Арқа тұтып елдің асыл мұрасын.
Көре алмаған көр кеуделер құласын,
Рухтандыр елім қорған құрасын.
Ойсылқара асыл кием қолдай көр.
Елдің тіккен көк байрақты ордасын,
Бүкіл жұртым бір ауыздан қолдасын.
Әрбір адам жүрегімен жанымен,
Туған жерін білегімен қорғасын.
Өр Алтайым ұрпағыңа айбат бер.
Күлтегінмен түркі болып түледің,
Қорқыт ата оғыз-қыпшақ жыры едің.
Алтын орда Темір тепкен тірегін.
Асан атам жел маяңды желдіріп,
Қазақ болып қайта жанды жүрегің.
Қайырхандай қайсар дала күркірер,
Төлебидей дана туған шіркін ел.
Бөгенбайым жай отындай дүркірер,
Сабалағым Абылай боп сілкінер,
Бабаларым ұрпағыңа қайрат бер.
Махамбеттің ақ алмастай жарқылы,
Шоқанымның шуақ шашқан әр күні.
Абайымның көкке жеткен саңқылы,
Құрманғазы дауылының қарқыны,
Ұлы дала даналары қолдай көр.
Бес арысым мөлдіреген бұлағым,
Үш бәйтерек алау берген шырағым.
Нәубет жылын есіме алып жыладым,
Қажымұқаннан қуат бер деп сұрадым.
Елге деген көкірегімде ұлы ағын.
Мұхтар туған байтақ дала бағы үшін,
Ұлытаудай үлгі тұтсын Қанышын.
Ұлтымыздың биік қойып намысын,
Дүние сырын, әлем тілін меңгерген,
Қазағымды күллі жаһан танысын.
Армандаған келді бізге азат күн,
Ғайып Ерен қолдаған бұл ғажап күн.
Көктен жебеп бабалардың елесі,
Көтерілсін көкке рухы қазақтың.
Уа, Жаратқан! Қазақ елін қолдай көр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу