Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  271


Автор: Дәркен Танабаев

АҚБЕРЕНГЕ ӨМІРТАЙ АТАСЫНЫҢ АЙТҚАН АҚЫЛЫ

Қос жанары шоқтанып,
Жарылуға шақ қалып.
Айта салар балақай,
Ойдағысын ақтарып.
Ұққыш қалқан құлағы,
Қысық көзі қырағы.
«Қайтсем жақсы болам» деп,
Атасынан сұрады.
-Кірлетпесең жейдеңді,
Жоғалтпасаң түймеңді,
Бәтеңкеңді таза ұстап,
Кірер болсаң үйге енді.
Айта бермей ертеңді,
Сабақты оқы ертеңгі.
Тісті күнде тазалап,
Өзің жина көрпеңді.
Жақсы жігіт біз күткен,
Ойнап қалмас кеш тіптен.
Дәптеріңді таза ұстап,
Қуант бізді бестікпен.
Қойға барсаң өріске,
Жақын жүрме керіске.
Өзің тиме ешкімге,
Тисе бірақ беріспе.
Тауықтарды санасаң,
Кепесіне қамасаң.
Қонақ келсе қолына,
Су құюға жарасаң.
Құлап қалса замандас,
Тұрғызуға қадам бас.
Ақ сақалды атаға,
Дауыстап сен амандас.
Қабағына қарап ал,
Жақсылардан сабақ ал.
Қолқанат боп анаңның,
Әжетіне жарап ал.
Арнаңа әлі толасың,
Асау тайға қонасың.
Ақылымды тыңдасаң,
Жақсы жігіт боласың.
Ұғар болсаң қарағым,
Айта берсем көп тағы.
Басқан әрбір қадамың,
Ұлы өмірдің соқпағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу