Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  164


Автор: Дәркен Танабаев

КӨК АЛА СИЫР ЗИНАҒА

Маймаңдап басар өрістен,
Көк ала сиыр ырғалып.
Желіні сүтті келіскен,
Жануар еді бір қалып.
Қырқаны жайпап келгенде,
Қарайған кезде төңірек.
Ала бұзауын көргенде,
Мейірленетін мөңіреп.
Тұрамын ұстап салдырмай,
Сауады анам жең түріп,.
Емшегін сарқып қалдырмай,
Сауын шелекке толтырып.
Қомағай бұзау тоя ма,
Емеді езуі көпіріп.
Түйгілеп жанын қоя ма,
Көк ала сиыр секіріп.
Желіні босап қақталған,
Қомағай бұзау бер дейді.
Шығарға жаны шақ қалған,
Аяғын сілтеп сермейді.
Қарайлап сүтке інім де,
Піскенін күтіп тұрамыз
Қазанның қатқан түбінде,
Таласып қаспақ қырамыз.
«Ақылың қанша толғанмен,
Үлкеннің алдын кесе өтпе»,
-деп әкем сыйлы болғанмен,
Қырсыздау еді есепке.
Сабырмен ойлап шешетін,
Кір келу өлім атына.
Жеті өлшеп бірақ кесетін,
Ұқыпты әрбір затына.
Бітіріп мектеп әпкем де,
Қаражат жағы қинады.
Жоқшылық салар «әттеңге»,
Сататын болдық Зинаны.
Союға оны қимаймыз,
Базарда арзан беріп тұр.
Ташкенге артқан Зинамыз,
Кешкісін жаяу келіп тұр.
Келгенде қайтып кәріміз,
Тарқалып кетті шер демде.
Қуандық шексіз бәріміз,
Ала сиырды көргенде.
Қырқаны жайпап келгенде,
Қарайған кезде төңірек.
Ала бұзауын көргенде,
Мейірленетін мөңіреп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу