Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  291


Автор: Дәркен Танабаев

ҚАЗЫҒҰРТЫМ

Қазығұртым қара нардың қос өркеші секілді,
Қазығұртым жер анамның қос кеудесі секілді.
Қазығұртым тарихымның ұмыт қалған елесі,
Қазығұртым пайғамбардың тұрып қалған кемесі.
Бұл Қазығұрт табиғаттың бізге берген тартуы,
Қазығұртым қазағымның ырысының артуы.
Қазығұртым тербетілген ел-жұртымның бесігі,
Қазығұртым келіп кетер екі дүние есігі.
Қазығұртым домбырамның күмбірлеген пернесі,
Ей, бай болғыр! Қазығұртты тек жаралай көрмеші!


* * *
Киіп алып басына мұз бөрікті,
Қазығұртқа мұңайып күз келіпті.
Сары уайым сар дала сұлық жатыр,
Қызыл-сары долана қыз көрікті.
Құты қашып қырдың да, шалғынның да,
Кәрі тауым қалжырап қалғыдың ба?
Бұлыңғыр күн де нұрын бұлдағандай,
Сыңғырлап бала бұлақ салды мұңға.
Жылға бойлап тал біткен тізіледі,
Лүп етсе түймелері үзіледі.
Сері жел сәтті шағын аңдағандай,
Телміріп қыз тоғайға сүзіледі.
Серіге тосын келген таласпайды,
Орынсыз әзілдері жараспайды.
Сабалып қашып шыққан ну тоғайдан,
Түтінмен жел ауылды аластайды.
Жетерлік шөп те, жем де мал басына,
Астығын толтырып ап қамбасына.
Шаруа ауыл қыбырлап құмырсқадай,
Жиғанын басып жатыр жамбасына.
Бейқамдық ер жігітке жараспайды,
Тоқпейіл аш көңілмен санаспайды.
Ауыл да қала сынды жат бауырдай,
Өз есебі болмаса қараспайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу