Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  183


Автор: Дәркен Танабаев

КЕЛСЕҢШІ ДОСЫМ АУЫЛҒА

Күркіреп бұлттар өткенде,
Ақ жауын селдеп төккенде.
Көк майса дала жамылып,
Сағынып құстар жеткенде.
Қызғалдақ жайнар бөктерде,
Келсеңші досым көктемде.
Шаршатар шулы қаз қала,
Босаса қолың аз ғана.
Көктемі өтті деместен,
Келсеңші күліп наздана.
Шырайын бермес таулы аймақ,
Керемет бізде жазда да.
Тырналар қайтар ізбенен,
Қоштасар қимай күзбенен.
Жаны бір жақын досым-ай!
Өзімшіл досын іздеген.
Келер деп үміт үзбегем,
Сырласар уақыт күз деген.
Суытса үйде, тыста да,
Қызықсыз болар қыс қала.
Болар деп қалай қамықпа,
Көшеден көлік ұста да.
Келсеңші досым ауылға,
Рахат қой! ауыл қыста да.
* * *
Сыр тартайын тарихтың беттерінен,
Түп тамырым нәр алған көкбөріден.
Нұқ пайғамбар кемесі тоқтап қалған,
Туған жерім Қазығұрт бөктерінен.
Ырыс-құтын себелер жауынымыз,
Қобыз күйін шертеді дауылымыз.
Қыдырлардың мекені Ғайып Ерен,
Қырық Шілтенмен бір қонған ауылымыз.
Үні дерсіз мұны сіз көне күйдің,
Әрбір тасын сыр тарта бөле сүйдім.
Даналығын сіңірген ұрпақтары,
Жайлауына қонғанбыз Төле бидің.
Несібесін еметін жер төсінен,
Дархан дария пейілі көл-көсір ел.
Хандары мен батыры байыз тапқан,
Түркістанның өнгенбіз өлкесінен.
Алтын бесік киелі шаңырағым,
Желдей желер төсіңде арғымағың.
Қыраныңмын көгіңде қалықтаған,
Байтақ далам садаға саған жаным.
Алмас күннен нәр алып ер жетіп ем,
Жер анашым мен сенің перзентің ем,
Дөңгеленген тынымсыз жұмыр жерді,
Жүрегімдей кеудемде тербетіп ем.
Жер анашым! мен сенің перзентің ем!
* * *
Жазира жасыл белеңім,
Көзіндей едің көненің,
Шап-шағын жұмақ ауылым,
Сезімге талай бөледің.
Жұпарын жұтып тауымның,
Шалшығын кешіп жауынның.
Қуанушы едім масайрап,
Алғысын алсам қауымның.
Арманға балап асқарды,
Үмітпен қадам басқамды.
Кіршіксіз жаным елжіреп,
Көзімнен ыстық жас тамды.
* * *
Қазығұрт жайдақ жал қырың,
Тербелген теңіз шалғының.
Өркешіңе сан өрмелеп,
Төсіңді сүйіп қалғыдым.
Долана терген саялап,
Тең келер саған қай алап.
Самалың сипап шашымнан,
Өсірген бізді аялап.
Арайлап таңың ататын,
Алаулап күнің бататын.
Қалықтап көктен күміс ай,
Жұлдыздар ағып жататын.
* * *
Құлыншақ едім есірген,
Аялап анам өсірген.
Қызғалдақ терген төсіңнен,
Кетпейді күндер есімнен.
Келіссең мейлің,келіспе,
Беріспе досым беріспе.
Өрімдер өңкей жиналып,
Бағамыз қозы өрісте.
Бұрқылдап майлы топырақ,
Шу, күлкі, думан атырап.
Ойынға қойып кетеміз,
Шетінен өңшең батыр-ақ.
Түсеміз жеміс бауына,
Қаламыз бағбан дауына.
Айналушы едік бір сәтте,
Қорыған жердің жауына.
Әр үйде жетеу,сегізден,
Батырдан ана неңіз кем.
Үлкені жатса үйленіп,
Кенжесін әлі емізген.
Керімсал байтақ жазығым,
Әуелеп ұшар наз үнің.
Қазақтың-алтын бесігі,
Ауылым Темірқазығым.
Жол түссе, оны қамдар ем,
Қасиетіңді ауылым аңдар ем.
Жатсынып өзге мекенді,
Өткізем сенсіз таңды әрең.
* * *
Көлеңкемдей қалмай қойды қалқам, мұң,
Күйбең күнін көтере алмай ортаның.
Армандаған биігіме аңсаған,
Жете алмай қалам ба деп қорқамын.
Майлы беті секілденген сорпаның,
Біле білсең маңдайымда сор қалың.
Көңіліме түскен әрбір сызаттан,
Мейірімсіз боп кетем бе деп қорқамын.
Жігіт болып жасаймын деп жол қамын,
Бөрілердей күндіз-түні жортамын.
Арсыздардан қайтарам деп кегімді,
Ұятсыз боп кетем бе деп қорқамын.
Қайтсін олар туған жердің сортаңын,
Мұңын қайтсін, күйін қайтсін ортаның.
Қара бастың қамын ойлап үндемей,
Өзімшіл боп кетем бе деп қорқамын.
Сырымды айтып отырмын мен ортағым,
Мен емеспін қоян жүрек қорқағың.
Жақсылыққа жаным жақын тұрушы ед,
Жаман болып кетем бе деп қорқамын.
* * *
Өткен күндер оралмайды қарасам,
Бүршік атып гүлге оранды дала сан,
Алтын тұсау аяғыма салғалы,
Тоғыз көктем жүзі өтіпті қарасаң.
Өткен күндер оралмайды қарасам,
Таңмен тұрып сыбағама таласам.
Жөнсіз жанмен ат құйрығын кесем де,
Жанталасып жайсаңдармен жарасам.
Өткен күндер оралмайды қарасам,
Деп жүргенде арманыма жол ашам.
Діңкелеткен күйбең тірлік жанымды,
Қырау шалған ақ шашымды санасаң.
Өткен күндер оралмайды қарасам,
Қимайтұғын сәттер өтті орасан.
Құлын-тайдай ойнап өскен алаңсыз,
Бал күндерің келмес енді қаласаң.
Өткен күндер оралмайды қарасам,
Тағдыр сызған әжімдерді жаза алсаң.
Шымқала да танымастай өзгерген,
Беу, шіркін-ай! жастық шаққа оралсаң.
* * *
Сағым қуған сан қиялға беріліп,
Мақсатыма жетелейді өр үміт.
Қайдан болсын қырқасында қырықтың,
Жиырма бесте жасалмаған серілік.
Шортандардай сүзген көлдің шабағын,
Азын аулақ ұқтым өмір сабағын.
Қызықтырған емес той мен шарабың,
Күйім келмей ашылмай жүр қабағым.
Қақпан құрған ала аяққа алданып,
Достың атын жүр біреулер малданып.
Шүкір деймін несібеме бұйырған,
Құл базарда жүрер ме едім жалданып.
Тірлік деген таусылмайтын шер тегі.
Көтермейді селтеңдеген еркені.
Жүрегімді шымырлатып сыздатар,
Көшті жалғар ұрпағымның ертеңі.
* * *
Қарқылдайсың қайғырып қара қарға,
Ермек болып еріккен балаларға.
Құты қашқан ызғарлы күрең күзде,
Ұяң бар ма суықтан паналарға.
Тұмсығыңды шошайтып шүйіріп ең,
Атқан тасы тиген бе бүйіріңнен.
Шарбағымды алыпсың мекен етіп,
Қалыпсың-ау қаптаған үйіріңнен.
Озбыр ұлдың ойраны зарлатама,
Қарқылдайсың қарғысың сорлатама.
Жақындасам «қарқ» етіп үрікпейсің,
Әлде ұқсатып тұрмысың арғы атама.
Қарғаларда өзіне бұра ма екен?
Бәрімізге ортақ деп мына мекен.
Тілің болса айтар ең «көргенсіз» деп,
«Бабасымен жастыны ұра ма екен.»
* * *
Шыдашы ұлым, мықты бол бәрі де өтер,
Жабысқан дертің әлі-ақ жазылып кетер.
Құдай-ау! енді қайтемін неғылсам екен,
Қиналып жатыр төсекте кішкене бөпем.
Көтерсем сені күш алып талмайтын иық,
Ойнар деп бір сәт жіберсем қалыпсың күйіп.
Жаныма батып барады болмады мұным,
Күйініп жүрмін дәрменсіз кешірші ұлым.
Жылайды анаң, апаң да жазғырып өзін,
Айтады атаң іштегі ең асыл сөзін.
Тез өтсе дейміз құдайдан жалынып сұрап,
Жылжымай қойды қырсығып уақыт бірақ.
Дәрігер аға!Алдыңа келдік қабылда бізді,
Көңілі жомарт жайдарлы, жүрегі ізгі.
Қарашы ұлым, мұндағы Қазыбек көкең,
Еккені шипа,қолы ем құрдасым екен.
Бұл дерттің түрі біздерге бұрыннан қанық,
Емдейміз деді диагнозы белгілі анық.
Қарғамды менің тастапты дәкемен таңып.
Қиналған сайын барамын күйіктен жанып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу