Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  146


Автор: Маралтай Райымбекұлы

Ай

Түпсіз дүние,
түбің толса,
мен ертең,
Келмес жаққа жан сәулесін жөнелтем.
Ай толғанда күрсініп қап көкірек,
Сүрінгенде күрең түсті көлеңкем.
Мен — тірі жан,
ол тірі жан — тәні гүл,
Табысып ек, сәтсіз болды бәрібір.
Өз басымдай көруші ем ғой мен оны,
Көз жасымдай тамып кеткен сары нұр.
Ай толғанда басым байлап пәлеге,
Жан ауырып, жалғыз қалдым және де.
Толған Айдың толқынынан көрдің ғой,
Менің демім өрт шарпып тұр әуеге.
Мен сезбеген ішінде бір күнә қап,
Мазаңды алса пәк махаббат кінәлап,
Басымдағы Айға тигіз ерніңді,
Көктегі Айға мінәжат қып, мінәжат!...
Түн ортасы...
Түннің түріп түндігін,
Жұлдыз ақты. Анау жұлдыз кімдікі...
Түптің-түбі біз жолығар нүктеміз,
Көктегі Ай мен жердегі Айдың кіндігі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу