Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  121


Автор: Маралтай Райымбекұлы

Ешқашан, еш жерде болмаған

"Бітіпті деймін түсімде қос қанат маған... "
Ұлықбек Есдәулет

Ешқашан, еш жерде болмаған
Секілді алғашқы әм, соңғы адам.
Қазақта екі-үш-ақ ақын бар,
Қанаты талса да қонбаған.
Солардың сазынан естідім,
Ең тұңғыш ақынның есті үнін.
Қағаздар ұшқанда қонбастан,
Акқанат құстардай кешқұрым.

Тылсым бір сырды жасырған,
Ақынныңжырлары басылған.
Қағаздар ұшып жүр әуеде,
Құдайдың қойнынан шашылған.
Қанатым қарайып кетер деп,
(Аспанды жүрсе де мекендеп),
Қағаздар қонады. Қауырсын ұстаса
Ұлықбек көкем кеп!
Тылсым бір сырды жасырған,
Құдайдың сөзі бар басылған.
Қағаздар ұшып жүр әуеде,
Ақынның қойнынан шашылған.
...Тірі әлі, жүр әлі — өлмеген
Құстардың әуені тербеген.
Қазақта екі-үш-ақ ақын бар,
Қанатын көрсе де ел көрмеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу