Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  206


Автор: Маралтай Райымбекұлы

У қайтару

Құдай — көкте,
Мен — жердемін, жердегі —
Қаламымда тағдырымның кермегі.
Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп,
Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі.
Керметімде кешегімнің зәрі бар,
Өрнегімде өмірімнің зары бар.
Боздар болса мен боздайын ботадай,
Жүрегімде аруана елдің қаны бар.
Сол қайғыны жою үшін — ғасырлық,
Алмау үшін арманымды ғасыл ғып.
Оу, кер далам, сөйлесін деп биіктен,
Батыр тудың күркіреген күйіктен.
Ақын тудың ұланғайыр Тұранға,
Бәрінің де көкірегін иіткен.
Олар сенің таптатқан жоқ гүліңді,
Бүлдірткен жоқ тіліңді.
Содан бері жазылып сан ғазалдар,
Қирамады дейсің не дүр мазарлар!
О, туған ел, мен сен үшін шаттанып,
Һәм күйредім саған төнген ажалға әр.
Басыбайлы бөтен тұтып баламды,
Сыйлаудан да қалып мүлде анамды.
Игере алмай иірімге кетем бе,
Деп ойлаушы ем жат билеген санамды.
Дінім, ділім, ғұрыптарым — күш, қаным,
Қайта айналып қонса рас ұшқаным.
Босағамда сүйек мүжіп төбеті,
Неге озады-ей, төріме әлі дұшпаным!?
Бірлігімді тапсам-дағы жоғалған,
Қайдан табам тарихымды тоналған.
Тар жатырын жарып шыққан құлдықтың,
Сәби елге сәулеңді құй, о жалған.
Кәрін қайта төкпесін деп жат әмір,
Уа, бабалар, балларыңа бата қыл.
Үмбеттерің үмітіне ер салды,
Қолың бос па-ей, демеп жібер, а, Тәңір.
Тамырынан таратылып текті сөз,
Ал, арманшыл асыл халқым көкті кез.
Көк байрақты қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр жетті кез!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу