Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  143


Автор: Маралтай Райымбекұлы

Сот

Аң — аң. Құс — кұс. Адамды — адам дегенге,
Сенейін бе! ? (Мен — төменде, ол — төбемде!)
Күнің үшін қараны әппақ дегізіп,
Қорлық болар зорлық жасау өлеңге.
Адам, мүмкін, маймыл шығар шынымен,
Сәл ес құйып, тазартылған түгінен.
(дұрыс түсін бұрыс айтып отырсам,
саған жаным бұрғаннан соң мұны мен.)
Адам, рас, аң шығар деп дамыған,
Дарвиншелеп көкімек ем, ағынан
жарылғанға жаны қастау қоғамда,
Айырылып қаламын-ау „тағымнан".
Адам мүмкін құс болуы... қанатын
Қағып қалып, сүйгеніне баратын.
Неге менің жас келеді көзіме,
Сұңқар көрсем самғап бара жататын.
Адам, мүмкін(күбірлейді жалған үн,
Бітпей қалған мүсіні деп Алланың).
Жадымдағы бұлыңғырлау кодымда,
Бейнесі тұр орақ пенен балғаның.
Сыбырлаған сақаудаймын кереңге,
Сендіре алмай... (Сізге және өлеңге)
Иланбастан кетер ме екем өзім де,
Адамды — Адам дегенге?!
Сәт туғанда сынайтын,
Сүйегіме қайта жан сап құрайтын.
Қияметтің күліп тұрып төрінде,
Бір сұрақ бар, Алла, Сізден сұрайтын.
Алла сонда сөйлейді!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу