Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  162


Автор: Маралтай Райымбекұлы

Құйын

Өзім барам!
Сол жаққа қарай-қарай көзім талған.
Кез еді Ер Төстіктей көзім талған —
Құсадан Жер бетілік мезі болған.
Барамын, табамын да жақынымды
Алыста жақындарым заты мұңды.
Жалғанын жұмағына кісенделген
Босатам, дүр-дүр ұшсын пақырымды.
Ұя сап имансыздық иығына,
Тірелген тіршіліктің тұйығына.
Шырылдап шыбын жаным сіңіп кетсін,
Құдайдың көк тіреген кұйынына.
Арда еміп, адал туып өскенменен,
Ауылы адалдықтың көшкен менен.
Құнына бір ләззаттың басын тігіп,
Отынан мың тозақтың сескенбеген.
Қарауға айналама айнаң бар ма,
Боздаған бота көңіл қайран ғана.
Өлім хақ адамға да, сайтанға да,
Өмір тар — ақындар мен пайғамбарға.
Келмейді ешкім енді,
Барамыз біз!
Салыңқы тартты неге қабағыңыз.
...кешқұрым көбелектер отқа үйір,
Шам жағыңыз!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу