Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  616


Автор: Арман Бердалин

ЖҰБАТУ

(Аманжол ағама)

«...Менің аққуларымды көрдіңдер ме? 
Қош айтысқан тырналар тыраулаған.» 
Аманжол Әлтаев 

Аға, сенің халіңді түсінемін, 
Көзіме жас толады, ішіме мұң. 
Адам қанша жақынын қимаса да, 
Тірідей түсер көрдің ішіне кім?

Қос аққуың кеткен соң безіп мүлде, 
Жалғыздықты жүрмісің сезіп күнде. 
Алатаудай ағам ең асқаралы, 
Қаратаудай қайғыға кезіктің бе. 

Бұл өмірден тұрағын іздеп келіп, 
Мыңдап кетті адамдар жүздеп келіп. 
Қос аққуды мен көрдім ұшып кеткен, 
Тырналарға қосылып тізбектеліп. 

Сүйген құлын осылай сынағанда, 
Алла нұрын шашады шыдағанға. 
Өзгермейтін, өлмейтін Құдай ғана, 
Мәңгі өмір жазбаған бір адамға. 

Бәрінен де бес күндік сайран қалды, 
Ханнан қалды, кедейден, байдан қалды. 
Өлім жаман болса егер Раббым Алла, 
Қияр ма еді өлімге Пайғамбарды?.. 

Асылыңды жоқтатпас алтын бар ма?.. 
Осыны ойлап шөгіпті нар тұлғаңда. 
Біз де бір күн сол көшке қосылармыз, 
Сағатымыз санаулы сарқылғанда... 
...Тірілердің қолынан бар келері, 
Құран оқып бағыштау марқұмдарға...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу