Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  133


Автор: Бауыржан Үсенов

Ақ жаныңды емдейін жырымменен

Жаныма жалт қараған нышаның ем,
Көзіңдегі жұмбақ сыр құса, білем.
Бөлісейін мұңымды, қарындасым,
Жатырқамай сен менің құшағыма ен.

Біздер жайлы мейлі өсек сөз борасын,
Бөтен көрме даланың боз баласын.
Қасқыр қуған еліктей жаутаңдайсың,
Өртеп жүр мені осы бір көзқарасың.

Анық сезем жаныңда бір мұң барын,
Жай-күйіңді дірілдеп білдірді әнің.
Үлбіреген аққудай қалпың осы,
Мазағына қалып-ед кімнің, жаным.

Кімдер екен жаныңды жаралаған?
Санамды ине болып аралады ән.
Үрікпеші сен менен, аққу құсты,
Үйреткен жоқ атуды дала маған.

Мұңыңменен мұңымды бірге өрейін,
Жүрегіңе шипалы жыр егейін.
Тым болмаса жараңды емдеп жазып,
Аспаныңа ұшырып жіберейін.

Жатса да көп сындардың жауып сеңі,
Мұңлы жаның жырымнан сауықса еді.
Күлші қалқам, жанарың ашық болса,
Бақыт өзі-ақ келеді тауып сені.





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу