Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  141


Автор: Исраил Сапарбай

Махаббат па?

Махаббат па?
Махаббат болған менде...
Мұқағали

Махаббат па?
Махаббат болған менде,
Аққуым қоғалы ну қонған көлге.
Қалайша аузым барып айта аламын,
Жоқ деуге,
Жан сезiмiн жалған деуге?
Мен оны қастерлегем, қадiрлегем,
Табынғам қатар қойып тəңiрменен.
Үңiлген жанарыма жан болса егер,
Ақ-адал махаббатын таныр менен.
Мен оны қадiрлегем, қастерлегем,
Жай бергем алтын сарай – жас кеудеден.
Кездерi болған оның, алып қашып,
Асаудай аласұрған, бас бермеген...
Мен оның уын iшкем,
Татқам балын.
Мұңайғам, қуанғанмын, шаттанғанмын...
Жар кешкем жалаң аяқ, жалын iшкем,
Елемей күз ызғарын, ақпан қарын.
Махаббат па?
Махаббат болады əлi!
Қалайша ол жүрегiмнен жоғалады? –
Алдымнан шығып тұрса көктем сайын,
Желбiреп Он сегiздiң орамалы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу