Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  113


Автор: Исраил Сапарбай

Түс

Көктем мiнез,
Ай мүсiн,
Нұр жүзi өңдi,
Таң алдында түсiме бiр қыз ендi.
«Түнде келем, күт менi, – дейдi ол маған, –
Көрiнбеймiн көзiңе күндiз ендi...»
Мойыныма артқанда ақ бiлегiн,
Ес жия алмай жұмақта жатты көңiл.
Алма жүздi шарпыған шəрбəт сезiм,
Арман дүние-ай, соншалық тəттi ме едiң?!
Өңiрiне гүл тағып өрiк талдан,
Иранбақтың құсы ма келiп қонған?!
Қандай сиқыр сыры бар сұлулықтың,
Елжiреткен,
Ерiткен,
Ерiктi алған?..
Кiрпiктегi кiршiксiз тамшыны үрлеп,
Таң сiбiрлеп келедi, таң сiбiрлеп.
Түнмен бiрге қайтесiң түре көшiп,
Қырмызы қыз, қасымда қалшы гүлдеп?..
Жамылғысын жамылып жiбек өңдi,
Жəннат қызы жанымнан түрегелдi.
Айға ұшқандай, қас қағым арасында,
Ақ сағымға айналып жүре бердi.
«Кетпе!..
Кетсең – бəрiн де талақ етем!..»
Шықты бiлем дауысым алабөтен, –
Апыл-ғұпыл көзiмдi ашып қалсам,
Жарым тұрып жанымнан барады екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу