Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  107


Автор: Исраил Сапарбай

Сақта менi

Сақта менi.
Көгершiндей көңiлiм аппақ едi.
Алып кетiп жүрмегей əлдебiреу
жан баспаған белгiсiз жаққа менi...
Сақта менi
Өсектен, жаладан да.
Теңеме де телiме жан адамға.
Араға түс,
Аяусыз тағдыр менi
талапайға салғанда, талағанда.
Сақта менi
наладан, намақұлдан,
Қайрылмайын қапыда қанатымнан.
Жанымда жүр,
ылғи да жадымда жүр,
Менiң үшiн жан болсаң жаратылған.
Сақта менi,
Түскенде отқа жаным,
жанарыңнан қалай тыс қап барамын?
Жаутаң қағып тұрғанда жетiмкөзiм,
Жылы сөзiң бiрауыз жоқ па, жаным?
Сақта, менi,
табаным шоқ басқанда,
Ауызынан айдаһар от шашқанда.
Жан ұшырып жеткейсiң жер түбiнен,
Көкiрегiмдi жалаңаш отқа ашқанда.
Сақта менi,
Перiштем, шамаң болса,
Керек дейсiң iлтифат маған қанша...
Ақжолтай бол,
Айшуақ ақын жаны
ақ сапарға мəңгiлiк жол алғанша,
Ақ сағымға айналып жоғалғанша,
Ақ тұманға ақ жөргек оранғанша...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу