Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  134


Автор: Исраил Сапарбай

Сенсiз менiң өмiрiм өлең бе едi

Сенсiз менiң өмiрiм өлең бе едi,
Жаңармалы тiрлiкте, көнермелi?
Көңiл шiркiн сен жаққа елеңдеулi
Қоңыр мiнез қозыдай көгендегi.
Саған ауса ынтығым, ынтызарым,
Құлып салар, Құдай-ау, құлқыма кiм?
Бұза алар ма қос жүрек ынтымағын
Бұлаңдатқан құйрығын түлкi-залым?
Бұлаң құйрық түлкiдей алдаусырап
Талай-талай кезiгер алдан сынақ...
Теңiз кешкен кемедей адаспаспыз,
Жанып тұрса жырақтан арман-шырақ.
Сенсiз маған келер ме асыл өлең?
Күзге айналар, жабықсаң, жасыл əлем.
Көңiлiңе титтей бiр кiрбiң қонса,
Жанарымның жуармын жасыменен!..
Жанарымның жуармын жасыменен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу