Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  133


Автор: Бауыржан Үсенов

Ән

Ән бар еді,
Бір әнім,
Шынайы әнім,
Ұмытып қап әуенін мұңаямын.
Қолтық сөгіп, көсіле шаппаған соң,
Кімге керек кібіртік құр аяңым?
Ән бар еді,
Әнімді неге ұмыттым?
Жарқырап күн, тұратын төгіліп түн.
Қадам сайын қанатқан балтырымды,
Құрбаны боп кеттім бе жөгіліктің?..
Ән бар еді,
Сырлы да, мұңды да еді,
Талай ару тамсанып, үлбіреді.
Өмір жайлы ой толғап өзге жақта,
Өзімді іздеп жүр ме екен, кім біледі?
Ән бар еді,
Иесі мен емес пе ем?
Балдырғанды өлкеде Кенен өскен.
Шошыды ма тірлікпен ғұмырымды,
Жүргенімде өткізіп ерегеспен?
Ән бар еді,
Аққудың сыңсуындай,
Жүрегімді тынбайтын бір суырмай.
Жан-дүниемді сығады сұм өкініш,
Оттан шыққан қып-қызыл шымшуырдай.
Көбелектің көгілдір қанаты еді,
Атасы - нұр,
Ақша бұлт - ана тегі.
Көкірегімнен «әу» десем, аққу емес,
«Қоңыр үйрек» бұл күнде дар етеді.
...Ән бар еді, бір әнім, шынайы әнім,
Ұмытып қап әуенін мұңаямын...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу